Жарияланған күні: · Өзгертілген күні:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері — Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Гимн. Олардың сипаттамасы мен пайдалану тәртібі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258-III Конституциялық заңымен белгіленген.
Мемлекеттік Ту
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы — ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек нақышталған тік жолақ бар. Күннің, оның шұғылаларының, қыранның және ұлттық өрнектің бейнесі алтын түстес. Тудың енінің ұзындығына арақатынасы — 1:2.
Мемлекеттік Елтаңба
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек пішінді және көгілдір түс аясындағы шаңырақ бейнесі болып табылады. Шаңырақтан жан-жаққа күн сәулесі тәрізді уықтар тарап, олар қанатты пырақтармен көмкерілген. Елтаңбаның жоғарғы бөлігінде бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «QAZAQSTAN» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, қанатты пырақтардың және жазудың бейнесі алтын түстес.
Мемлекеттік Гимн
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні «Менің Қазақстаным». Әні: Шәмші Қалдаяқов. Сөзі: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекеттік тілде орындалады.
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Ресми дереккөздер
- Рәміздердің эталондық бейнелері мен ресми сипаттамасы — Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты.
- «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң — «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі (adilet.zan.kz).